Жоба туралы

Біз туралы

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы — Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің жалған ақпаратты теріске шығару жөніндегі мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіретін құрылымдық бөлімшесі.

Орталықтың миссиясы

Азаматтардың шынайы ақпарат алу құқығын іске асыруға жәрдемдесу. Осы мақсатта Орталық ақпараттық процестерді талдайды, жалған ақпараттың таралу тетіктері мен көздерін анықтайды, сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесіп теріске шығаруларды дайындауды және таратуды қамтамасыз етеді.

Орталықтың мақсаттары

Орталықтың негізгі мақсаты — нақты мән-жайларды белгілеу және қоғамға ашық әрі ресми дереккөздерге негізделген объективті мәліметтер ұсыну.

Сондай-ақ Орталық азаматтардың ақпараттық сауаттылығын арттыруға, медиаконтентті сыни тұрғыдан қабылдау дағдыларын дамытуға және ақпаратты жауапкершілікпен тұтыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Негізгі міндеттер

  • ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізу және ықтимал жалған, бұрмаланған және манипуляциялық материалдарды анықтау;
  • таратылып жатқан мәліметтерді тексеру және олардың расталған фактілерге сәйкестігін анықтау;
  • анықталған жалған ақпарат жағдайлары бойынша теріске шығарулар мен түсіндірмелер дайындау және тарату;
  • жалған ақпарат пен ақпараттық манипуляцияларды тарату тетіктері мен технологияларын талдау;
  • резонанс тудырған және қоғамдық маңызы бар ақпараттық себептер бойынша азаматтарды хабардар ету;
  • медиасауаттылық пен ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау деңгейін арттыру;
  • ақпараттық қатерлерге жедел ден қою мақсатында мемлекеттік органдармен, сарапшылар қауымдастығымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және азаматтармен өзара іс-қимыл жасау.

Біздің тәсіл

Орталық жекелеген фейктерді тіркеумен ғана шектелмейді. Басты назар ақпараттың дереккөзі мен таралу тетігін анықтауға, қолданылған манипуляциялық тәсілдерді талдауға және пайдаланушыға тексерілген фактілерді ұсынуға аударылады.

Жұмыста ақпаратты бастапқы тексеруден өткізуге мүмкіндік беретін ашық ресми дереккөздер, мемлекеттік органдардың деректері және басқа да қолжетімді мәліметтер пайдаланылады.

JAQ.ORTCOM — Орталықтың Қазақстан Республикасының медиакеңістігінде таратылатын ақпаратты бастапқы тексеруге арналған цифрлық сервисі. Сервис фактілер туралы алғашқы түсінік қалыптастыруға көмектеседі және қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша анық мәліметтерді іздеуді жеңілдетеді.

Біздің міндет — теріске шығарумен шектелмеу

Ақпарат жедел таралатын жағдайда жалған хабарламаларға уақтылы ден қою ғана емес, азаматтарға фактілерді болжамдардан, бұрмалаулардан және манипуляциялардан өз бетінше ажыратуға көмектесу де маңызды.

Орталық тексерілген ақпаратты түсінікті, қолжетімді және уақтылы етуге ұмтылады — әр адам фактілерге сүйеніп шешім қабылдай алуы үшін.