← Барлық теріске шығарулар
Түсіндірме27.10.2026 · JAQ.OrtCom №319

«Несиелер мен айыппұлдарды есептен шығару»: алаяқтар фишингті әлеуметтік көмек ретінде қалай бүркемелейді?

TikTok желісінде 18 жастан асқан қазақстандықтардың 5 млн теңгеге дейінгі несиелері мен айыппұлдарының бәрін бір сәтте жауып, есептен шығаруға уәде беретін бейнероликтер таралуда.

Не анықталды

«Несиелер мен айыппұлдарды есептен шығару»: алаяқтар фишингті әлеуметтік көмек ретінде қалай бүркемелейді? TikTok желісінде 18 жастан асқан қазақстандықтардың 5 млн теңгеге дейінгі несиелері мен айыппұлдарының бәрін бір сәтте жауып, есептен шығаруға уәде беретін бейнероликтер таралуда. Жарияланым авторлары ақпараттың шынайылығына сендіру үшін мемлекеттік рәміздерді пайдаланып, профиль сипаттамасындағы көрсетілген сілтемеге өтуге шақырады. Техникалық талдау нені көрсетеді? Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл күдікті сілтемені жан-жақты зерделеп, бірнеше қауіп белгілерді анықтады. Сайт ресми әлеуметтік көмек көрсететін сервис ретінде ұсынылған. Пайдаланушыдан туған жылын көрсету сұралады. Одан кейін оның бағдарлама шарттарына сәйкес келетіні хабарланып, Telegram желісіне өтуге бағыттайды. Ал кері санақ таймері уақыттың шектеулі екенін алға тартып, пайдаланушыны асығыс шешім қабылдауға итермелейді. Telegram-да авторизацияны растаған пайдаланушы іс жүзінде бөгде адамдарға өз аккаунтына, жеке хат алмасуларына және оған байланысты деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Техникалық тексеру сонымен қатар келесі белгілерді анықтайды: VirusTotal: LevelBlue сервисі ресурсты Phishing (фишинг), ал alphaMountain.ai мен Fortinet-ті Spam (спам) ретінде жіктейді. Доменнің тіркелген мерзімі: Талдау көрсеткендей, тексеру кезінде аталмыш домен шамамен небәрі 17 күн бұрын тіркелген. Бұл дерек өздігінен алаяқтық әрекетті толық дәлелдемейді. Алайда басқа белгілермен бірге қарастырғанда үлкен күдік тудырады. Аталған белгілер мемлекеттік көмек алу сылтауымен жасалатын фишингтік алаяқтық қаупі бар екенін көрсетеді. Күдікті сайтты қалай анықтауға болады? Домен атын мұқият тексеріңіз. Қазақстанның ресми мемлекеттік ресурстары тек .gov.kz домендік аймағын пайдаланады. Ал басқа да көптеген ресми ұйымдардың сайттары негізінен .kz аймағын қолданады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың сайт атауларында көбіне қазақ тіліндегі сөздер мен олардың қысқартылған нұсқалары латын әріптерімен жазылады. Бейтаныс домендік аймақтарға назар аударыңыз. Егер сайт атауы мысалы .cfd, .xyz, .top немесе .click сияқты бейтаныс домендік аймақтармен аяқталса, оны мұқият тексерген жөн. Сайттың сыртқы көрінісіне ғана сенбеңіз. Сайтта мемлекеттік рәміздер, логотиптер мен қорғалған қосылым байланыс белгілерінің болуы оның мемлекеттік органға тиесілі екенін ешқашан растамайды. Уәделердің шынайылығын тексеріңіз. Несиелер мен айыппұлдарды есептен шығару туралы қандай да бір ақпарат тараса, оны тек мемлекеттік органдардың ресми ақпарат көздерінен қараңыз. Күдікті авторизацияны растамаңыз.  Егер сілтеменің немесе қосымшаның қайдан шыққанына және кімге қандай құқық беріп жатқаныңызға сенімді болмасаңыз, Telegram және басқа да жеке аккаунттарыңызға рұқсат бермеңіз. Егер күдікті сілтеме арқылы кіріп қойған болсаңыз, Telegram параметрлеріне кіріп, белсенді сеанстарды тексеріңіз, бейтаныс құрылғыларды өшіріңіз және екі кезеңді аутентификацияны қосыңыз.

Алаяқтар азаматтарды өз айласына түсірудің әр кезеңін мұқият ойластырады. Олар қарыздарды есептен шығаруға, қаржылай көмек көрсетуге уәде береді немесе қоғамдағы өзекті мәселелерді пайдаланып, адамдардың сеніміне кіруге және оларды өздеріне қажетті әрекеттерге итермелеуге тырысады. Сырт көзге сенімді көрінетін мұндай жарияланымдардың артында азаматтардың жеке деректері мен аккаунттарына қол жеткізуді көздейтін фишингтік схемалар жасырынуы мүмкін. Сондықтан құрғақ уәделерге сенбей, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріп, күмәнді сілтемелер мен аккаунтқа кіруге рұқсат беру туралы сұрауларға мұқият қараған жөн.

ТақырыпКиберқауіпсіздік