Не анықталды
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі азаматтардың жеке деректерін жинау сылтауымен тұрғын үйлерді аралап жүрген, өздерін ведомство қызметкерлері ретінде таныстыратын белгісіз тұлғаларға қатысты жағдайды тіркеді. Қазіргі уақытта желіде осыған байланысты бейнероликтер мен хабарламалар таралуда. Министрлік ведомство қызметкерлерінің тұрғын үйлер мен пәтерлерді араламайтынын, олардың жеке бару барысында дербес деректерді жинамайтынын және мұндай әрекеттер үшін өз өкілдерін жібермейтінін мәлімдейді. «Министрлік өкілдерінің атын жамылып, құжаттарды талап ететін, ақпарат беруді немесе тұрғын үйге кіруді сұрайтын адамдардың ведомствоға қатысы жоқ және олардың алаяқтар болуы ықтимал». Азаматтарды жеке ақпаратты бөгде тұлғаларға бермеуге шақырамыз. Мұндай жағдайлар туралы полиция органдарына жедел түрде хабарлау қажет.