Не анықталды
Жасанды резонанс. Ақпараттық күшейту технологиясы
1-бөлім
Резонансты оқиғаларды талдау көрсеткендей, төтенше жағдайлар мен қоғамдық маңызы бар шаралар кезінде бірыңғай ақпараттық сценарий бойынша белгілі бір уақытта синхронды әрекет ететін аккаунттар мен арналар белсендірілуі мүмкін.
Бұл технологияның басты мақсаты - қоғамда жаппай наразылық туындағандай әсер қалдыру, деструктивті нарративтердің таралуын жеделдету және оны одан әрі ілгерілетуге шынайы пайдаланушыларды тарту.
Шартты түрде бұл тетікті бес жүйелі кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Бірінші кезең – «консерваларды» (ұйқыдағы аккаунттарды) белсенді іске қосу.
Бұл - ұзақ уақыт бойы белсенділік танытпаған немесе өте аз белсенді болған аккаунттар мен арналар. Төтенше жағдай, оқыс оқиға немесе өзге де резонансты жайт орын алған бойда олар алдын ала дайындалған немесе оқиғаға байланысты жедел әзірленген материалдарды жариялау үшін іске қосылады. Мәселен, соңғы оқиғаларға байланысты Орталық тарапынан анықталған мұндай дереккөздердің негізгі ядросын
1 Telegram-арна мен Facebook желісіндегі 3 аккаунт құрады
.
Мұндай профильдердің басты міндеті - олардың бұған дейін қалыптасқан тарихы, жазылушылар саны мен белгілі бір аудиториясы арқылы сенімді болып көрінуі. Сондықтан олар белгілі бір ақпараттық науқан үшін арнайы құрылған аккаунтқа ұқсамайды.
Екінші кезең - деструктивті нарративті ақпараттық кеңістікке енгізу.
Резонансты оқиға орын алған алғашқы сағаттардағы ақпараттық тапшылықты пайдаланып, расталмаған мәліметтер, асыра сілтеулер, бұрын түсірілген фото және бейнематериалдар немесе жалған тұжырымдармен бұрмаланған шынайы фактілер таратыла бастайды.
Осындай 29 аккаунт анықталды
.
Бұл ретте басты мақсат тек нақты бір фейкті таратумен шектелмеуі мүмкін. Дезинформаторлар болған жағдайға қатысты жалпы теріс түсінік қалыптастырады. Мысалы, «билік ақпаратты жасырып отыр», «ресми мәліметтерге сенуге болмайды», «шынайы ақпаратты тек әлеуметтік желі пайдаланушылары таратады» деген ұстанымдар алға шығарылады.
Осылайша, ресми ақпарат толық жарияланғанға дейін жекелеген дәйексіз хабарламалар біртұтас кең ауқымды нарративке біріктіріледі.
Үшінші кезең – жасанды күшейту.
Сонымен қатар, жаңа анонимді аккаунттар, соның ішінде ақпараттық себеп пайда болған сәтте жедел ашылған профильдер де іске қосылуы мүмкін. Талдау барысында осындай сипаттағы
39-ға жуық аккаунт анықталды.
Олардың міндеті жаңа ақпарат жасау емес, жаппай талқылау жүріп жатқандай әсер қалыптастыру. Біркелкі жарияланымдар, пікірлер, репосттар, пайдаланушыларды белгілеу және ақпаратты таратулар арқылы жоғары белсенділік жасанды сигнал қалыптасады.
Осы кезеңде жасанды жолмен жасалған резонанс біртіндеп табиғи сипат алып, шынайы пайдаланушылардың ақпараттық кеңістігіне ене бастайды.
2-бөлім
Төртінші кезең - пайдаланушыларды тарту.
Ақпараттық фон қалыптасқаннан кейін анонимді аккаунттар ақпарат таратудан нақты іс-әрекеттерге шығуға көшеді. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардан жауап талап ету, оқиғаның жеке нұсқаларын жариялау, қалыптасқан жағымсыз реакцияға қосылу.
Нәтижесінде, алғашқы шектеулі дереккөздер әлдеқайда кең аудиторияны артынан ертіп кету мүмкіндігіне ие болады.
Осы кезеңде талқылауға қосылған пайдаланушы бұл ақпараттық араңдатудың бастапқыда қайдан және қалай пайда болғанын көбіне аңғара білмейді.
Бесінші кезең - инфлюенсерлерге қысым жасау арқылы қоғамды поляризациялау.
Бұл кезең негізгі нарративтерді енгізумен қатар жүруі мүмкін. Таратылып жатқан ақпараттық ұстанымды қолдамайтын танымал авторларды «үнсіз қалмауға» және мемлекеттік органдарды сынайтындардың қатарына қосылуға үндейді.
Соңғы күндері Орталық осындай
11 аккаунтты тіркеді
. Кейіннен олардың кейбірінен үндеу жарияланымдары өшірілгенімен, олардың қысқа мерзімді мақсаты орындалды. Мыңдаған қаралым, ондаған репост жиналып, блогерлер мен инфлюенсерлердің аудиториясы белсендірілді.
Сонымен қатар ұсынылған ақпараттық шеңберді қолдаудан бас тартқан инфлюенсерлерді «жою» деп аталатын әрекетке шақыратын үндеулер пайда болды.
Тіпті пікірталасқа түскеннің өзінде, инфлюенсердің өзі бастапқы нарративті таратудың қосымша арнасына айналып кетуі мүмкін. Өйткені ақпаратты теріске шығару мақсатында жасалған жазбаның өзі тақырыптың қамту аясын кеңейтіп, жаңа аудиторияны тартып жатады.
Ақпараттық ықпал етудің тағы бір элементі - бірнеше платформаны қатар пайдалану.
Белгілі бір мазмұндағы тезис жүйелі түрде Facebook, Threads және Telegram платформаларында қатар пайда болады. Кейін жарияланымның сілтемелері, скриншоттары мен үзінділері бір платформадан екіншісіне ауыстырылып отырады.
Нәтижесінде пайдаланушыда «барлығы осылай ойлайды екен» деген жаңсақ түсінік қалыптасып, ақпарат түрлі дереккөз арқылы расталып жатқандай әсер қалдырады.
Шын мәнінде, қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиға төңірегінде үйлестірілген ақпараттық науқан жүріп жатқанын қарапайым пайдаланушының бірден ажыратуы оңай емес.
Сондықтан, ақпараттық толқынға тап болған кезде, оның таралуының бүкіл тізбегіне - алғашқы дереккөзден бастап жаппай реакцияның қалыптасуына дейін назар аудару маңызды.
Дәл осы тізбекті талдау кезінде жекелеген жарияланымдарға бөлек-бөлек назар аударғанда байқалмайтын байланыстар көрінеді. Тезисті ең алғаш кімнің айналымға енгізгенін, оны кімдердің күшейткенін, екінші платформаға кім көшіргенін және пікірталасқа шынайы пайдаланушылардың қай сәтте қосылғанын айқын көруге мүмкіндік туады.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы алдағы уақытта да нақты фактілерді тануға, манипуляцияны ажыратуға және қолдан жасалған резонансқа бой алдырмауға көмектесуді жалғастыра береді.